- Қазақстандағы ғалым Жапониядағы, Африкадағы және Еуропадағы әріптестерімен климатқа бейімделу немесе жасанды интеллект бойынша бірлесіп жұмыс істей алуы тиіс. Жас зерттеуші жетістікке жету үшін өз елінен біржола кету керек деп ойламай-ақ жаһандық ғылыми желілерге қатыса алуы керек. Біз «мидың сыртқа ағылуынан» «ақыл-ой айналымына» көшуіміз қажет. Ал Қазақстан осы жаңа модельді қалыптастыруға атсалысу үшін өте қолайлы орында тұр. Қазақстан Еуропа мен Азия арасында ерекше маңызды позицияны иеленеді. Бірақ оның мүмкіндігі қазіргі білім орталықтары арасындағы жай ғана көпір болудан әлдеқайда жоғары. Қазақстанның дербес білім орталығына айналу әлеуеті зор, - деді ол.
Оның пайымынша, елдің цифрландыру, энергетикалық ауысу саласындағы тәжірибесі және Орталық Азия бетпе-бет келіп отырған экологиялық сын-қатерлер жаһандық маңызы бар зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
- Сондықтан халықаралық ынтымақтастық білімнің тек бір бағытта ғана жылжымайтынын мойындауы тиіс. Қазақстан мен Орталық Азияда әзірленген шешімдер Африка үшін өзекті болуы мүмкін. Африкада жасалған инновациялар Азиядағы мәселелерді шешуге үлес қоса алады. Азияда жүргізілген зерттеулер Еуропадағы саясатқа негіз бола алады. Шынайы халықаралық ынтымақтастық дәл осындай. Бұл ретте БҰҰ Университетінің атқаратын рөлі зор. БҰҰ Университеті — әрі жоғары оқу орны әрі БҰҰ жүйесінің бір бөлігі. Сондықтан біздің жауапкершілігіміз - тек білім жасау ғана емес, БҰҰ мен оған мүше мемлекеттер шешуге ұмтылып отырған мәселелермен зерттеулерді ұштастыра отырып, білімді адамзат игілігіне жұмылдыру, - деді ол.
Мәртебелі мейман БҰҰ Университетінің Қазақстанмен қарым-қатынасындағы маңызды белеске тоқталды.
- Осы сапар аясында біз дәл осында, Қазақстанда және Орталық Азияда тұңғыш рет БҰҰ Университетінің жаңа институтын құру жолында нақты қадам жасап отырмыз. Мен үшін бұл жай ғана институционалдық кеңеюден әлдеқайда маңызды. Бұл — Қазақстанға деген берік сенім мен бейілділік. Бұл — Орталық Азияға деген бейілділік. Бұл білімнің жаһандық архитектурасының өзі бұдан да жаһандық сипатқа ие болуы тиіс деген сенімімізді көрсетеді. Біздің мақсатымыз — жасанды интеллект айналамыздағының бәрін өзгертіп жатқан уақытта Қазақстанның зияткерлік әлеуеті мен басымдықтарын БҰҰ Университетінің зерттеу желілерімен, сондай-ақ бүкіл әлемдегі ғалымдармен және институттармен байланыстыру, - деді Тшилидзи Марвала.
Қазақстан БҰҰ алаңында AI-Quryltai платформасын таныстырғанын жазған едік.