Қазақстанда былтыр 177 адамға органдар алмастырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр 177 қазақстандыққа органдар алмастыру операциялары жүзеге асырылды. Оның ішінде 130 бүйрек, 19 бауыр трансплантациясы жасалды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, былтыр елімізде алпыс мыңнан астам кардиохирургиялық операция жасалған. Бұдан бөлек, жүрекке ашық ота жасау он мыңнан асты. Республика бойынша қырық инсульттік орталық ашылды.

Министрдің айтуынша, есепті кезеңде енгізілген бірегей технологиялар 2012 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. «Озық халықаралық медициналық технологияларды меңгеру үшін 128 отандық дәрігер шетелдерге жіберілді. Жалпы былтыр республикалық бюджет есебінен елу мыңнан астам медициналық қызметкер біліктілігін арттырды», - дейді С. Қайырбекова.