Қазақстанда былтырғы діни ахуалды 2012 жылмен салыстыруға болмайды - Дін істері агенттігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтырғы жылы елімізде діни қақтығыстар мен текетірестер немесе араздықтар орын алған жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов мәлім етті.

«Былтырғы жағдайды 2011-2012 жылдардағы жағдаймен салыстыруға болмайды. 2013 жылы діни қақтығыстар мен текетірестер немесе араздықтар орын алған жоқ», - деді ол.

Марат Әзілханов 2013 жылы жүргізілген бірқатар әлеуметтанулық сауалнамалар өткізілгенін, сұрау салынған азаматтардың 90 пайызға жуығы еліміздегі діни ахуалды қалыпты деп бағалағанын атап өтті.

«Дінаралық қарым-қатынастар саласындағы мемлекет саясатын азаматтардың 86 пайызы қолдап отыр. Біздің ойымызша, осы көрсеткіштер діни саладағы мемлекет қабылдаған шаралардың пәрменділігін көрсетеді», -деді агенттік төрағасы.

Агенттіктің ұйымдастыру-әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеуімен құрамында мемлекеттік органдардың мамандары, дінтанушылар, теологтар мен имамдар бар 500-ден астам ақпараттық топтардың жұмысы ұйымдастырылды. Тұрғындардың діни сауатын арттыру, Қазақстан халқының рухани құндылықтарын насихаттау және діни экстремизмнің алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстар 1 млн. 300 мыңнан астам адамды қамтыды.