деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан аумағындағы киіктер - үстірт, бетпақдала және орал таралымы секілді үш топқа бөлінеді. Қазіргі күнгі елімізде мекен ететін ақбөкендердің жайылымы негізінен оншақты әкімшілік облыстық аумақтарды қамтитын көрінеді. Бұрын жылдары 1 млн. 200 мың бастан асатын киік саны соңғы жылдары күрт құлдырап - 21 мың басқа дейін азайып кеткен болатын. Сондықтан да, Қазақстандағы киіктерді сақтау жалпыұлттық міндетке айналған еді. «Шығыс медицинасында дәрілік шикізат ретінде пайдаланылатын бөкен мүйізі үлкен сұраныс тудырып, соның нәтижесінде жануарлар барлық маусым бойына ауланып келеді. Мәселен, киік мүйізінің киләсі өзіміздің ішкі нарықта 35-40 мың теңге тұрса, Қытайда бұл 4 мың долларға дейін бағаланады екен. Ақбөкендер санының күрт түсіп кетуінің негізгі себебі осы. Дегенмен, соңғы жылдары Үкіметтік бағдарлама қабылданып, арнайы шаралар атқарылуының нәтижесінде Қазақстанда киіктер санының құлдырауы тоқтатылды. Мәселен, Комитет тарапынан қабылдаған іс-шаралар нәтижесінде соңғы 5 жыл көлемінде бөкендер санының тұрақты артуы байқалып отыр. 2009 жылғы есеппен бұлардың саны 81 мыңға дейін жетті. Дегенмен, киіктер санының жалпы тұрақтанып отырғаны байқалғанымен де, Өзбекстан аумағында қыстап шығатын үстірттік таралымға жататын жануарлардың саны тым төмендеп отыр», деді Орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаев.
Оның айтуына қарағанда, жыл сайын Қазақстаннан Өзбекстанға қарай қыстап шығу үшін кететін киіктердің жартысына жуығы қайтадан оралмайтын көрінеді.