Қазақстанда дәрігер тапшылығы 20 пайызға азайды – ДСМ өкілі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіліп, дәрігер тапшылығын азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Бағжан Мұхаметбек Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

Фото: ДСМ

Оның сөзінше, ауылдық жерлерге жұмысқа баратын дәрігерлерге бірқатар әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

– Ауылдық жерге барып жұмыс істейтін дәрігерлерге көтерме ақы, үймен қамтамасыз ету, балаларын мектепке дейінгі ұйымдарға конкурcсыз орналастыру сияқты шаралар атқарылады. Былтырдың өзінде 1760 медицина қызметкері осылай ауылдық өңірге барып, әлеуметтік қолдау алды. Олардың 700-ден астамы үйлі болды. Ал тағы бір айта кететіні: 2024 жылы аса тапшы сала мамандарына 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсетілген болатын, – деді Бағжан Мұхаметбек.

Фото: Видеодан алынған скрин

Министрлік өкілі ауылдық жерлерге аса қажетті мамандарды тарту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

– Қазіргі таңда дәрігерлер ауылдық жерлерге барып, қызмет көрсетіп, осындай қолдау шараларын алып жатыр. Кардиолог, хирург сынды аса қажетті тәжірибелі мамандар, ауылға барып медициналық көмекті көрсетеді әрі 5 жыл бойы сол өңірде жұмыс істейді, – деді ол.

Сұхбат барысында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді.

– Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары медициналық қызметкерлерге күш көрсету жағдайлары жиілеп кеткен еді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы заң бекітілді. Қазіргі таңда сол заң бойынша медицина, жедел жәрдем қызметкерлерін қолдау мен қорғау шаралары жүргізіліп жатыр, – деді Бағжан Мұхаметбек.

Оның айтуынша, дәрігерлер үшін тұрғын үй алудың бірнеше мүмкіндігі қарастырылған.

– Медицина қызметкерлері «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы ауылдық өңірге барып қызмет етсе, төменгі пайызбен үй алуға мүмкіндігі бар. Әрі үйді өзі қалаған жерден ала алады. Одан бөлек, әкімдіктер мен «Отбасы банк» бірлесіп медицина қызметкерлеріне арнайы бағдарламалар ұсынады — сол арқылы да үй алуға болады, – деді ол.

Спикердің мәліметінше, әлеуметтік қолдау шаралары жас мамандарға да қолжетімді.

– Бұл әлеуметтік қолдауды жас мамандар да ала алады. Былтыр үйлі болған 1760 медицина қызметкерінің 500-і – жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар. Одан бөлек, ауылға қызмет етуге барған медицина саласының мамандарына тәжірибесі мол, осы салада біраз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан маман тәлімгер ретінде бекітіледі. Ол өзінің тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарды салаға бейімдейді, – деді Бағжан Мұхаметбек.

Министрлік өкілі еліміздегі кадрлық ахуалға да тоқталды.

– Қазіргі таңда медицина саласында 280 000-нан астам маман қызмет етеді. Оның 84 000-ы – дәрігерлер, қалғаны – осы салада қызмет етіп жүрген орта медицина қызметкерлері. 2023 жылмен салыстырғанда қазіргі таңда дәрігер тапшылығы 20 пайызға төмендеген. Бірақ кадр үнемі айналымда болады: қазіргі таңда дәрігер тапшылығы 3869 штаттық бірлік, – деді ол.

Бағжан Мұхаметбектің айтуынша, елде сұраныс жоғары медициналық мамандықтар да бар.

– Аса тапшы мамандарға жалпы медицина дәрігерлері, терапевтер, кардиологтар мен хирургтар, сондай-ақ сәулелі диагностика қызметкерлері мен анестезиолог-реаниматологтар жатады – бұлардың бәрі бізге ең қажетті мамандықтар болып саналады, – деді ол.

Сонымен қатар ол өңірлердегі кадр тапшылығы мәселесіне тоқталды.

– Ал өңірлерге келетін болсақ, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында дәрігер тапшылығы аса жоғары. Бірақ қазір бұл өңірлерде дәрігерлерді кешенді қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр және әрі қарай да жалғаса береді, – деді министрлік өкілі.

Сұхбат барысында медицина қызметкерлерінің саладан кету көрсеткіштері де сөз болды.

– Сыртқы миграцияны қарайтын болсақ, біздің дәрігерлеріміздің соңғы 2-3 жылда жүйеден кету көрсеткіші 5 есеге азайды. Былтыр жүйеден 150-180 шамасында медицина қызметкері кеткен, ал бұған дейін бұл сан 900-ге дейін жететін еді. Демек, қазіргі таңда медицина қызметкерлері осы салада қалып, жұмыс істеуді шешіп отыр, – деді Бағжан Мұхаметбек.

Еске сала кетейік, елдегі медицина ұйымдарында 45 мыңнан астам бос орын бар.