Қазақстанда дәрігерлерді даярлаудың практикаға бағдарланған жүйесі енгізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда медициналық білім берудің практикаға бағдарланған жаңа моделі енгізіліп жатыр. Негізгі басымдық – клиникалық даярлықты күшейту және түлектің өз бетінше жұмыс істеуге дайындығын арттыру.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

Жаңа модель Мемлекет басшысы 2026 жылғы 12 маусымда қол қойған Заңда көзделген. Интернатураның көлемі 30-дан 70 академиялық кредитке дейін ұлғайтылып, клиникалық даярлықтың толыққанды кезеңіне айналады. Дәрігерлердің клиникалық даярлау траекториясынан міндетті магистрлік компонент алынып тасталады, ал қосымша оқу уақыты бейіндік даярлық пен практикаға бағытталады.

Алғаш рет интерн-дәрігердің мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Клиникалық базада тәлімгер, жұмыс орны, медициналық ақпараттық жүйелерге қолжетімділік және тәжірибелі дәрігердің бақылауымен медициналық көмек көрсетуге қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Жалпы практика дәрігерлерін даярлау тәсілдері де қайта қаралды. Тікелей медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарындағы оқыту көлемі ұлғайтылып, амбулаториялық педиатрия мен практикалық дағдыларды меңгеруге басымдық беріледі.

2026 жылы резидентураға қабылдау алғаш рет бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүргізіліп жатыр. Гранттарды бөлу GPA көрсеткіші мен қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелерінің негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді. Талапкер төрт мамандыққа, төрт білім беру ұйымына және болашақта жұмыс істегісі келетін төрт өңірге дейін таңдай алады.

Жыл сайын республикалық бюджеттен резидентураға шамамен 2 500 грант бөлінеді. Сонымен қатар биыл өңірлер тарапынан 937 грант көзделген. Бұл 2025 жылғы 721 грантпен салыстырғанда айтарлықтай көп.

Сондай-ақ резиденттер даярлығының бір бөлігін кейін жұмыс істейтін өңірлерде тікелей өткізу үшін білім беру-клиникалық консорциумдарды дамыту жоспарланып отыр.

2026 жылы денсаулық сақтау бағдарламалары бойынша 16 192 маман оқуын аяқтады. Олардың 7 610-ы міндетті еңбек өтеуге жатады. Алдын ала бөлініс бойынша 5 951 түлек, яғни 78,1%-ы жұмыс орындарына бөлінді.

-Жас дәрігерді өңірге жіберу ғана маңызды емес, оның сол жерде орнығуына жағдай жасау қажет. Бұл – тұрғын үй, әлеуметтік қолдау, жұмыс орны, тәлімгерлік және кәсіби даму мүмкіндіктері, – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Реформаның келесі кезеңі – жоғары оқу орындарында, клиникалық базаларда және өңірлерде жаңа талаптарды іс жүзінде іске асыру.

Осыған дейін денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды.