«Бұл дәрігер мен пациентті қашықтан байланыстыратын медициналық жоба. Бұл ретте дәрігерлер ақылы кеңес береді. Қазақстанның бүкіл аумағынан дәрігерлер тартып, Ресей, Украина және Израильдің үздік мамандарын жұмылдырамыз. Бағаны дәрігер белгілейді. Егер жақсы пікірлердің арқасында оның рейтингі көтерілетін болса, онда қызмет ақысын да көтере алады. Бірақ, нарықтан қарағанда екі есе төмен болады. Өйткені, мұндай мамандар артық шығын жұмсамайды. Дәрігерге телефон, гарнитура және камера болса жеткілікті. Ол үйінде отырып немесе демалыста жүріп жұмыс істей алады», - деді ол «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің ашылу рәсімінен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның есебінше, дәрігер күніне 2 сағаттан жұмыс істейтін болса, айына 30 мың теңгеге дейін қаражат таба алады. Бұл ретте кеңес беру құны шамамен 2-3 мың теңге болмақ. Ал ақылы емханаларда дәрігер мұндай қызмет түріне шамамен 5 мың теңге алады.
«Қазір шамамен 150 дәрігер бар. Олардың ішінен іріктеп алып, оқытамыз және дерекқорына тіркейміз. Әрине, онлайн кеңес беру жүзбе-жүз қаралуды алмастыра алмайды. Дегенмен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, 2017 жылы клиникаларға пациенттер 20 миллион рет жүгінген екен. Соның шамамен 15 пайызы қашықтан-ақ кеңес ала алар еді. Ал телемедицина АҚШ-та осыдан 3 жыл бұрын дамыған. Ресейде жарты жыл болды. Ал Қазақстанда, Орталық Азия елдерінде біз ең бірінші болып қолға алдық», - деді жоба жетекшісі.
Онң айтуынша, Zoomcare бағдарламасы толықтай дайын, оны дайындауға 500 мың доллар жұмсалған. Дегенмен, оны жүзеге асыру үшін әлі де 500 мың доллар қаражат қажет. Бұл қаражат Орталық Азияда маркетинг жүргізуге және тағы 20 әзірлеушіні жұмыспен қамтуға қажет.