Қазақстанда дәстүрлі темекіге сұраныс азайып, электронды темекі мен кальян танымал болуда

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда дәстүрлі темекіге сұраныс төмендеп, баламалы өнімдердің – қыздырылатын темекі мен кальянның тұтынуы артып келеді, деп хабарлайды Tañba Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы.

2020 жылғы 1 қазаннан бастап елде темекі өнімдерін міндетті таңбалау енгізілген. Содан бері Қазақстанда өндірілген және импортталған таңбаланған темекі өнімдерінің жиынтық көлемі 6 млрд қорапқа жақындады.

2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында қыздырылатын темекі өнімдерінің өндірісі мен импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69%-ға өсті. 2024 жылы 48,5 млн қорап өндірілсе және әкелінсе, биыл бұл көрсеткіш 82 млн қорапқа жетті.

Сондай-ақ кальянға арналған темекі өндірісі мен импорты екі еседен астам артып, 766 мыңнан 1,7 млн қорапқа дейін көбейді.

- Ал классикалық темекіге сұраныс керісінше төмендеуде. 2021–2023 жылдары өндіріс пен импорт 950 млн–1,05 млрд қорап аралығында болса, 2024 жылы көрсеткіш 844 млн қорапқа дейін қысқарған, - делінген ақпаратта.

Tañba операторының деректерінше, Қазақстан нарығындағы темекінің басым бөлігі ел ішінде өндіріледі. 2025 жылдың басынан бері өндірілген 581 млн қорап өнім таңбаланған.

Жалпы өндіріс пен импорт көлемі – 626 млн қорап. Негізгі жеткізушілер қатарында Өзбекстан, Ресей және Германия бар.

Қыздырылатын темекі өнімдері нарығында отандық өндірістің үлесі жартысына жетпейді. Бұл сегментте негізгі экспорттаушылар – Өзбекстан, Индонезия және Польша. Ал кальянға арналған темекіде импорт басым: өнімнің 69%-ы шетелден жеткізіледі, оның ішінде ең үлкен үлес Ресейге тиесілі.

Айта кетейік, цифрлық таңбалау жүйесі өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Қазақстанда сатылатын барлық темекі өнімдері Data Matrix кодымен белгіленуі тиіс. Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тұтынушылар өнімнің түпнұсқалығын тексере алады. Егер код оқылмаса немесе мүлде болмаса, қосымша арқылы шағым қалдыруға болады.

Еске салайық, ҰҚК темекі бұйымдарының ірі партиясын заңсыз өткізбек болғандардың жолын кесті.