Қазақстанда демография және көші-қон саласын реттейтін мемлекеттік орган құру ұсынылды

Фото: Фото: Еңбекмині

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде халық санын көбейту және ішкі көші-қон саясатын реттеу мақсатында құзырлы орган құру идеясы ортаға салынды.

— Демография және көші-қон саласын реттейтін бөлек мемлекеттік орган қажет. Болмаса көші-қон саясаты бойынша мемлекеттік қызмет өкілетін күшейту керек. Ішкі көші-қон соның ішінде өңір арасындағы статистиканы кеңейтіп, оның ішінде өзбек, ұйғыр, дүнген, украин, кәріс сияқты басқа да ұлттарға қатысты деректерді енгізу, — деді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты-қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали Сенат қабырғасында өткен іс-шара барысында.

Оның айтуынша, көші-қон мәселесіне қатысты шешімді жүйелі түрде қарастыру қажет. 

— Жүйелі әрі алдын ала жоспарлаған қадамдар көші-қон саласындағы әлеуметтік дамудың көзі ғана емес тұрақты даму, бәсекеге қабілетті қоғам құру жолындағы маңызды ресурс, — дейді ол.

Бұған дейін этносаяси институт басшысы еліміздегі ішкі көші-қон және шетелден келетін еңбек мигранттарына қатысты ойын ортаға салған еді. 

Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде «Демографиялық өсу –ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбында былтыр өткен Үкімет сағатында қабылданған ұсынымдарды іске асыру қорытындыларын талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өтті. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің мәліметінше, қазақстандықтар солтүстік өңірлерден көшуді жалғастырып жатыр.