Қазақстанда демократияның тамыры тереңдей түсуде - АҚШ байқаушылар миссиясының пікірі

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстанда демократияның тамыры тереңдей түсуде. Бұл пікірді бүгін елордада өткен Астана мен Вашингтон арасындағы бейне конференция барысында 3 сәуірде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылауға келген АҚШ-тың тәуелсіз халықаралық байқаушылар миссиясының өкілдері білдірді.

АҚШ-тың СІСА Саяси зерттеулер институтымен өткен бейне конференция барысында олар 30 наурыз бен 3 сәуір аралығында еліміздің 9 саяси партиясының жетекшілерімен және мүшелерімен, Сайлау комиссиясының лауазымды тұлғаларымен, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізгендіктерін атап өтті. Миссия мүшелері сайлау күні Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Алматы облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында болып, 65 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын қадағалаған.

Бейне конференция кезінде еліміздегі сайлау үрдісін қадағалаған топ әңгімелесуші тарапқа алдын ала мәліметтерге сәйкес, Президент Н.Назарбаевқа сайлаушылардың 95,57 пайызы өз дауыстарын бергендігін, жалпы дауыс беруге Қазақстан халқының 89,9 пайызы қатысқандығын айтты.

Олардың пайымынша, бұндай көрсеткіш Қазақстан халқының ұлттық тұрақтылықты және барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз еткен жетекшінің саяси мұрагерлігін сақтауға ұмтылысын көрсететіндігін білдіреді.