Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясындағы денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері қаралды.

Фото: Үкімет

Кеңесте Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, e-Densaulyq бірыңғай архитектурасы аясында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді кезең-кезеңімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Негізгі мақсат – бытыраңқы цифрлық шешімдерден бас тартып, деректер бір рет қалыптастырылып, салаға қатысушы барлық тарап қайта енгізусіз пайдалана алатын бірыңғай жүйеге көшу, – деді Ербол Оспанов.

Оның мәліметінше, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйелер жеті негізгі цифрлық компонентке біріктірілуде. Жыл соңына дейін Бірыңғай денсаулық сақтау порталы мен Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар Бірыңғай медициналық деректер қоймасын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта оған 12-ден астам медициналық ақпараттық жүйе қосылған.

Осы жүйе негізінде пациенттің Электрондық денсаулық паспорты қалыптастырылады. Онда адамның өңіріне немесе медициналық ұйымына қарамастан көрсетілген барлық медициналық көмектің тарихы жинақталады.

Министрлік мәліметінше, бұл дәрігерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Яғни медицина қызметкері пациенттің ауру тарихын, талдау нәтижелерін, тағайындаулар мен бұрын көрсетілген қызметтерді бір жүйеден көре алады.

Ал пациенттер үшін медициналық қызмет алу уақыты қысқарып, көмектің сапасы артады деп күтілуде.

Кеңесте медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық жобалар да таныстырылды. Олардың қатарында жедел жәрдем және алғашқы медициналық-санитариялық көмек бригадалары үшін смарт-бейнежетондар енгізу, интеллектуалды бейнеаналитикасы бар бейнебақылау жүйесін құру, дәрі-дәрмек пен вакциналарды сақтау жағдайын бақылауға арналған «Суық тізбек» жүйесін дамыту және ауылдық медициналық ұйымдар үшін телемедицина сервистерін кеңейту бар.

Сондай-ақ кеңесте ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған Ұлттық жобаның іске асырылу барысы қаралды.

Бүгінде жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы толық аяқталған. Оның 639-ы аудандық ауруханалардың балансына беріліп, 587 нысан медициналық қызмет көрсетуге лицензия алған.

Бұдан бөлек, 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева денсаулық сақтау саласының цифрлық инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жалғастыруды, Ұлттық жоба іс-шараларының уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді және бұл бағыттағы жұмысты облыс әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде жеке бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетейік, ДСМ балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған «Бастау» іс-шаралар кешенін әзірлемек.