Бұл туралы министр Астанада өткен «Дені сау адамдардың мықты ұлтын қалыптастыру» атты панельдік сессияда әңгімеледі.
«Президент тапсырмасымен жүйелі шаралар қамтылған кешенді жоспар әзірледік. Ең алдымен, тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылайтын комитет құрылады. Сонымен бірге, стандарттау бойынша үлкен жұмыстар жүзеге асырылуы тиіс. Барлық санитарлық талаптар мен нормалар заманауи ғылыми жетістіктерге сәйкес қайта қаралуы керек», - деді Елжан Біртанов.
Министр қоғамдық тамақтану мен сауда саласында стандартты сақтамаса, тауарлардың өтпейтінін, кәсіпкерлердің мұны жақсы түсініп отырғанын атап өтті.
«Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласында мұндай тексерулерден бас тартуға тура келеді. Себебі, ережелерге сай келмеген жағдайда, аудандағы жалғыз аурухананы жабуға тура келеді. Көптеген облыстарда денсаулық сақтау нысандарының тозығы жетті, ескірді. Бір ғана Алматы облысында 60-тан астам нысанға күрделі жөндеу жүргізу қажет, оған жеткілікті қаражат бөлінген жоқ», - деді ол.
Оның айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне денсаулық сақтау нысандарын тексеруді күшейту жөнінде тапсырма берілген.
«Талапқа сай келмеген мейрамханаларды жабамыз да, емханаларды қалдырамыз ба? Егер адам өміріне қауіпті болса, инфекция ошағы табылса не болмақ? Бұл бағыттағы жұмысты күшейту керек», - деді Елжан Біртанов.