— Қазақстан озық технологияларды барлық салаға, соның ішінде медицинаға белсенді түрде енгізе бастады. Бұл — заман талабы. Осы бастама қазіргі таңда отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға тың серпін беріп жатыр десек, қате болмайды. Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды. Сондай-ақ қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты, — деді Президент.
Сонымен бірге, жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдерді қабылдауға септігін тигізіп отыр.
— Бүгінде еліміздегі 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді. Ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру, яғни, интеграциялау арқылы әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты міндетті түрде жалғастыра береміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ақордада Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі — медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленген.
Жаңа Конституцияда «ұлт саулығы» ұғымына алғаш рет назар аударылды.
Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы да пікір білдірді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді.
Биылдың өзінде медицина мамандарының жалақысын өсіруге 33 миллиард теңге бөлінген.
Ал Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың есімі берілетіні белгілі болды.