Қазақстанда диплом саудасы қызып тұр – министрлік не дейді

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Желіде дайын дипломды сатып алу мүмкіндігі туралы жарналар қаптап жүр. Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұстанымы қандай? Бұл сауалға вице-министр Гүлзат Көбенова жауап берді.

- Бүгінде дипломды сатып алудың қажеті жоқ, себебі әрбір дипломды eGov.kz арқылы тексеруге болады. Диплом иесі немесе жұмысқа қабылдаушы дипломның нөмірін терсе, сол жерде дипломның қай жерде, қашан берілгені, қандай жоғары оқу орнын аяқтағаны туралы ақпарат шығады. 1991 жылдан бері берілген 3,5 млн-нан астам диплом цифрландырылды, - деді Гүлзат Көбенова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, қазір әр дипломда QR коды және сериялық нөмірі бар.

- Өкінішке қарай, алаяқтар бар, олар диплом сатуды жарнамалап жүр. Бұл орайда біз Ішкі істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Құқықтық жауапкершілік барын ескеру керек, - дейді ол.

Сондай-ақ министрдің орынбасары жалған диплом иелері мен оны сатқандар жазаланатынын айтты.

- Әрине, жазаланады. Бұл жерде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар, - деп қорытындылады Г.Көбенова.

Айта кетейік, қазір жоғары, арнаулы оқу орындарын бітірген түлектер қолына диплом алып, жұмыс іздеуге көшті. Бірі қалада қалса, енді бірі еңбек жолын ауылдан бастағанды жөн көреді. Kazinform тілшісі жас мамандардың қалай таңдау жасағанын сұрады.