Қазақстанда дипломатиялық және қызметтік паспорт беру тәртібі өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 21 мамырда дипломатиялық және қызметтік паспорттарды рәсімдеу, беру, ауыстыру және есепке алу тәртібіне өзгерістер енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Фото: Kazinform

Құжатқа сәйкес, дипломатиялық және қызметтік паспорт беру қағидалары жаңартылып, мұндай паспорттарды алуға құқығы бар лауазымды тұлғалардың тізімі бекітілді. Паспорттарды уәкілетті министрлік Президент бекітетін тізім негізінде береді.

Сонымен қатар Сыртқы істер министрі Президентпен келісу арқылы негізгі тізімге енбеген азаматтарға да дипломатиялық немесе қызметтік паспорт бере алады.

Дипломатиялық паспорт алатындар қатарына Президент пен оның отбасы мүшелері, бұрынғы президенттер, Парламент, Үкімет және Президент әкімшілігінің басшылығы, Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық сот пен Жоғарғы соттың, Ұлттық банктің, Орталық сайлау комиссиясының басшылары, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, өңір әкімдері, Парламент депутаттары және өзге де жоғары лауазымды тұлғалар енгізілген.

Бұдан бөлек, дипломатиялық паспорт дипломатиялық қызмет өкілдеріне, халықаралық ұйым қызметкерлеріне, әскери атташелерге, шетелдегі күштік құрылым өкілдеріне және олармен бірге шығатын отбасы мүшелеріне беріледі. Сондай-ақ БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысушыларға да дипломатиялық паспорт рәсімделеді.

Құжатқа сәйкес, қызметтік паспорттар Жоғарғы сот судьяларына, саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау және күштік органдар қызметкерлеріне, дипломатиялық қызмет өкілдеріне, сондай-ақ шетелдегі өкілдіктерге жіберілетін ұлттық компания қызметкерлеріне беріледі.

Сонымен қатар халықаралық миссияларға қатысатын әскери қызметшілер, бірқатар мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым қызметкерлері, шетелдегі Қазақстан өкілдіктерінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері де қызметтік паспорт ала алады.

Жарлықпен дипломатиялық және қызметтік паспорт рәсімдеуге құқығы бар азаматтар санаты кеңейтілді. Олардың қатарына халықаралық ұйым қызметкерлері мен шетелдік іссапарға бірге шығатын отбасы мүшелері де енгізілді.

Құжат 2026 жылғы 26 мамырдан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан паспорты әлемдік рейтингіде жоғарылағаны хабарланған болатын.