Қазақстанда домбыраға қойылған қандай ескерткіштер бар

Коллаж: Kazinform

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі Қазақстанда Ұлттық домбыра күні ретінде тойланып келеді. Kazinform тілшісі атаулы күн қарсаңында ұлттық аспаптың құрметіне арналған ТОП-10 ескерткіш тізімін оқырман назарына ұсынады.

Домбыраға арналған ең алғашқы ескерткіш Ақтөбе қаласында 2016 жылы бой көтерді.

Авторы — мүсінші Қ. Есжанов. Ескерткіштің биіктігі — 6,30 метр, ені — 1,40 метр, шанағы — 2,5 метр, мойыны — 4 метр шамасында.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Домбыра темірден құйылған, 12 пернесі бар, қос ішегі трос сымнан жасалған. Ұста оған үкі тағуды да ұмытпай, музыкалық аспаптың заңдылығын сақтай отырып жасаған.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Көкшетаудағы «Домбыра» архитектуралық композициясы 2019 жылы қаланың 195 жылдығына тарту болды.

Жергілікті мүсінші және суретші М.Бұрмағанов 11 метрлік стеланы металл конструкциясы мен бетоннан салған. Стелла демеушілер қаржысы есебінен әзірленді.

Фото: Оксана Матасова / Kazinform
Фото: Оксана Матасова /Kazinform

Елімізде сондай-ақ домбыра пішініндегі субұрқақ бар. Оны Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының маңынан көруге болады. 

Фото: kazpravda.kz

Ескеретіні, бұл — ұлттық аспапты ұлықтайтын алғашқы субұрқақ. Ұзындығы — 10,25 метр, ені — 2,85 метр. Авторы — Н.Қаныбеков, Н.Қуанышбеков.

Фото: Алма Мұқанова /Kazinform

Атырау облысының Индербор кентіндегі орталық саябақта «Абдолла домбырасы» деген жазуы бар домбыра монументі тұр.

Фото: Индер ауданының әкімдігі

Алтын түстес металлдан құйылған монументтің биіктігі — 7,5 метр. Түнде жарқырап тұрады. Монументке бірқатар жергілікті өнерпаздың есімі қашалып жазылған.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Шымкентте қасына жақындасаң, күй күмбірлеп қоя беретін «Домбыра» ескерткіші бар. 

«Түркістан» салтанат сарайының алдында орналасқан нысан авторы — Қазақстан суретшілер одағы Шымкент қалалық филиалының мүшелері.

Ескерткіштің ұзындығы — 7,5 метр, ені — 1,5 метр.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында да атаулы күннің құрметіне орай 2018 жылы ашылған ескерткіш бар.

Фото: Жарма ауданы әкімдігі

Оны семейлік мүсінші Н.Қалиев шыны пластиктен әзірлеп, қола түстес қояумен әрлеген. Туындының биіктігі — 7, ені — 3 метр.

Түркістан облысында ұлттық саз аспабына арналған бір емес, бірнеше ескерткішті кезіктіресіз. Оның бірі Отырар ауданының Шәуілдір ауылында тұр. 

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

«Күй құдіреті» деп аталатын екінші белгі Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы Ту тұғыры алаңында орналасқан. Онда жергілікті қаламгерлер мен күйшілердің есімдері жазылған.

Фото: Kazinform

Түркістан облысы Төлеби ауданының Қаратөбе ауылдық округінде де домбыра үлгісіндегі ескерткіш бар. Ол 2019 жылы салынған, биіктігі — 1,40 м, ені — 1,20×1,20. 

Фото: әлеуметтік желіден

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Жалпақтал ауылындағы «Домбыра» монументі — 20 жыл бұрынғы мектеп түлектерінің туған жерге тартуы.

Фото: Қазталов ауданының әкімдігі

Ауылдың сәніне сән қосқан архитектуралық нысан былтыр қойылды.

Енді бір ескерткіш Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында орналасқан. Биіктігі — 12 метр, монумент 80 шаршы метр аумақты алып жатыр.

Фото: Ақтоғай ауданы әкімдігі

Қызылорда қаласындағы «Сыр сүлейлері» аллеясының қақ ортасында да осы мазмұндағы ескерткіш бар. Онда қобыз бен домбыра бейнесіне қосақталған қалам мен найза орнатылған.

Ескерткіш авторлары — А.Кененбаев, М.Сыдықов және С. Мәкібаев. 

Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Қызылорда облысының Шиелі ауданынан ұлттық аспаптың құрметіне қойылған белгіні кездестіресіз. Ол күйші Әділбек Тәшімовтің «Шиелі толғауы» атты күйіне арнап орнатылған.

Фото: Әділбек Тәшімов

Еске сала кетейік, Ұлттық домбыра күніне орай биыл ел көлемінде 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады, оның 200-ден астамы өңірлерде жоспарланған.