Қазақстанда донорлық ағзаларға деген тапшылық өте жоғары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда донорлық дене мүшелеріне деген тапшылық тым жоғары болып тұр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова айтты.

«Айтуға қиын болса да, бір адамның өлімі, яғни оның ағзалары бес адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан елімізде трансплантологияның дамуы отандастарымыздың өлгеннен кейін өз ағзаларын басқа науқастарға беретін донорлар болуға ұмтылысымен тікелей байланысты», - деп өз ойын білдірді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанның медициналық секторы бүгінде адам ағзаларын ауыстырып салу операцияларына толықтай дайын. Дегенмен, әлі де болса сондай донорлар табу мәселесі маңызды болып тұр.

Айта кетейік, 2013 жылы ағзаны трансплантациялау бойынша 177 ота жасалған. Оның 130-ы - бүйрек, 19-ы - бауыр ауыстыру.