Қазақстанда дрондар 4 облыстың аумағында пошта тасымалдап жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» хат-хабарды дронмен тасымалдау бағытын жетілдіреді. Бұл туралы бүгін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған конференцияда «Қазпошта» АҚ Трансформация және IT жөніндегі басқарушы директоры Нариман Мұқышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздегі негізгі жобаларға тоқталатын болсам, біріншіден, біз дрондарды ұшырдық. Қазіргі кезде 10 дрон 4 облыстың аумағында ұшып жүр. Бұл өз кезегінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасымен жүзеге асырып жатқан шаралардың бірі. Атап айтқанда, біз осы жоба аясында жүкті жеткізу уақытын қысқартып отырмыз. Кейбір ауылды жерлерге көлікпен жету қиындық туғыза. Бұл ретте дронмен хат-хабарды оңай бағыттай аламыз», - деді Н. Мұқышев.

Оның сөзіне қарағанда, поштаны дронмен жеткізу жобасы өзін ақтап келеді. Белгілі болғандай Қазпошта 1,5 тонна болатын хат-хабарды дрон арқылы тасымалдады.

«Біз бұл бағытта ары қарай дамытпақпыз. Себебі бұл сала технология мен ішкі операциялық шараларды жетілдіруде маңызды әрі қызықты бастама», - деді Нариман Мұқышев.

Еске сала кетсек, өткен жылдың қыркүйек айында екі келіге дейін жүк көтеретін пошталық дрондар ұшырылған еді. 

Фото:  «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі