15:03, 16 Маусым 2009
Қазақстанда егде тартқан адамдардың 40 пайызы өздерінің денсаулық жағдайларын өте нашар деп есептейді ? А.Самақова
АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанда егде тартқан адамдардың 40 пайызы өздерінің денсаулық жағдайларын өте нашар деп есептейді. Ал олардың үштен бірі жүріп-тұруда өзгелердің көмегін қажет етеді.
Аталған санаттағы азаматтардың тағы осындай бөлігінің материалдық жағдайы төмен. Ал олардың әрбір төртіншісіне өздерінің балалары, әйелі немесе күйеуі психикалық, экономикалық қысым және күш көрсетеді. Бұл мәліметтерді бүгін екінші сессияның жұмысын қорытындылау барысында «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі парламенттік фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы, депутат Айткүл Самақова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, бүгінде елімізде қарт адамдар санының өсу үдерісі байқалып отыр. БҰҰ-ның Демографиялық комиссиясының талаптары бойынша жасы 65-тен асқан азаматтары жалпы халық санының
7 пайыздан астамын құрайтын ел демографиялық жағынан қартайған болып есептеледі. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш қазір 7,7 пайызды құрайды. «Бұл әрине алаңдатарлық жағдай. Сондықтан да біз БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қорының қолдауымен «Қазақстандағы қарт адамдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы: оның проблемалары мен болашағы» тақырыбында арнайы конференция өткіздік. Ондағы ең құнды кеңестердің бірі қарт адамдарды балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар сияқты мемлекет тарапынан көмек көрсетілетін азаматтардың тізіміне енгізу мәселесі болды», деді депутат.