Қазақстанда егіс алқаптарының 77%-ы егілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан өңірлерде көктемгі егіс жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдары 16,3 млн гектар алқапқа егілді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі

Атап айтқанда, дәнді дақылдар 11,2 млн га, майлы дақылдар – 3,6 млн га, мал азықтық дақылдар – 973,2 мың га, мақта – 167,6 мың га, картоп – 116,9 мың га, көкөніс дақылдары – 112 мың га, бақша дақылдары – 81,1 мың га, қант қызылшасы – 22 мың га алқапқа егілді.

Егіс науқаны еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінде қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, Ақмола облысында 4,1 млн га, Қостанай облысында – 3,7 млн га, Солтүстік Қазақстан облысында – 2,7 млн га жерге егін егілді.

Егіс науқанына 133,9 мыңнан астам трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы жұмылдырылды. Аграршыларға үздіксіз техникалық қолдауды 70 сервистік орталық қамтамасыз етуде.

Бұдан бұрын хабарлағанамыздай, Қазақстанның астық экспорты 11,7 млн тоннаға жетті.