Қазақстанда екі халықаралық пошта маркасы шығарылды

АСТАНА. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Қазақстанда тағы екі халықаралық пошта маркасы шығарылды.

Бұл туралы бүгін «Қазпошта» АҚ пошталық төлеу белгілері басқармасының бастығы Майра Абдуллина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маркалар табиғаттың фауна мен флора түріне арналған. Олардың бетінде долана өсімдігі мен итаю бейнеленген. Егер техникалық сипаттама беретін болсақ, марканың әрқайсысы 100 мың данадан шығарылды. Біз маркаларымызға жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін орналастырғанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің Зоология және биология институты мамандарының ұсынымдарын пайдаланамыз», - деді М.Абдуллина.

Қазпошта маркаларында суреттелген жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлері Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілгендігін атап өткен жөн. Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қорының директоры Болат Өткелов маркалардың қызметіне тоқталып өтті. «Олардың бірі конверттің бетіне жабыстырылып, мұхиттың арғы бетіне кетеді, ал бірі -  еліміздің ішінде жүреді. Дегенмен, бұл маркалардың тағы бір қызметі бар. Ол - биоәртүрлілік туралы жұртшылықты  хабардар ету. Маркалар адамдарды табиғатты қорғауға шақыруға көмектеседі», - деді Б. Өткелов.