Қазақстанда екі ЖОО-ның акциялары сатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында орналасқан екі жоғары оқу орнының 35 пайыз акциялары сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Электрондық сауда алаңының ресми сайтына сілтеме жасап.

Электрондық сауда алаңындағы мәліметке сәйкес, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті акцияларының 35 пайызының алғашқы бағасы 1 млрд 711 млн 278 мың 931 теңге болған. Сауда-саттыққа өтініш берген екі адам қатысқан. Ақыры, университеттің аталмыш акциясы 1 млрд 728 млн 434 мың 502 теңгеге сатылды.

Айта кетейік, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне аталған университет акцияларының 35 пайызы, яғни 43 931 данасы (барлығы 125 517) тиесілі болған.

Сонымен бірге, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы акциясын сатып алуға 4 өтініш келіп түскен. Ақыры акциялардың 35 пайызы 2 млрд 547 млн 345 мың 363 теңгеге сатылды.