***
Қарашаның 11-інде Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік мемлекеттік сапармен Астанаға келген Словения Республикасының Президенті Данило Тюркпен кездесіп, шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген болатын. Оның барысында тараптар екі мемлекеттің ынтымақтастығын әрі қарай дамытудың болашағы зор екендігін атап өткен еді. Осы маңызды жайтқа орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Стратегиялық әріптестіктің әлеуеті зор» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Бүгінде Словения Оңтүстік-Шығыс Еуропада, ал Қазақстан Орталық Азияда аса қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер, деді Словения Президенті Данило Тюрк келіссөз барысындағы сөзінде. Еуропалық Одақ Қазақстанды өңіраралық ынтымақтастық үдерістеріне белсенді қатысушы, халықаралық деңгейдегі аса салмақты ел ретінде ерекше маңызды стратегиялық әріптес деп біледі. Словения 2005 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті, келесі жылы Қазақстан осы беделді халықаралық ұйымға төрағалық ететін болады. Қазақстан мен Словения қатынастарының келешегі кемел, болашағы зор екенін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та атап өтті. Елбасы мәртебелі мейманның шынайы лебізіне ризашылығын білдіре келіп, әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан - Словения қатынастары ойдағыдай дамып келе жатқанына тоқталды», деп жазады басылым.
Кеше Астанадағы «RІXOS» қонақ үйінің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ұсынылған конкурс жеңімпаздарын марапаттады. Шара барысында Елбасы «Жыл сайын «Алтын сапа» сыйлығын тапсыруға мен өзім тікелей қатысып келемін. Сол арқылы мен бұл мәселенің мемлекеттік маңызы бар екендігін ерекше атап көрсеткім келеді. Сапа саласындағы қазіргі қазақстандық көшбасшылардың жетістігі барлық отандық кәсіпкерлерге үлгі болғанын қалаймын. «Алтын сапа» сыйлығын алу - бұл тек технология мен менеджментте қол жеткізген жетістікке берілген жоғары баға ғана емес. Бұл - сол компанияның барлық еңбеккерлерінің жауапкершілігіне, азаматтығына және патриоттығына берілген баға. Міне, нақ осындай қасиеттер ғана Қазақстанда сұранысқа ие болуы керек», депті. Осы іс-шараға орай «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Алтын сапа» - жүзден жүйріктер сыйлығы» атты мақала басылды.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа-2009» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты», деп жазады «Казахстанская правда». Басылым ағымдағы жылы сапа саласындағы басты наградаға 119 шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындар үмітті болғандығын атап өткен. Ал осы шараға орай «Экспресс К» газетінде жарық көрген мақалада Мемлекет басшысы бизнес қауымдастықты елдің индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына белсенді қосылуға шақырғандығын жазған.
Бұл маңызды іс-шара «Айқын», «Литер» газеттерінің де назарынан тыс қалмаған.
«Егемен Қазақстан» басылымның дәстүрлі «Үкімет» апталығында «Жаңа астық және жаңаша көзқарастар. Үкімет астық экспорты мәселесін қалай шешуде?», «Тың тұжырымдама. Әлемдік қаржы жүйесінің қателіктерінен сақтандырады», «Несие мен нәсіп», «Мұнай-химия кешенінің даму көкжиегі» деген тақырыптармен мақалалар топтамасы берілген.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газеті өзінің 90 жылдық мерейтойына орай басылым редакторы болып қызмет атқарған Қасым Шәріпов пен басылым тарихында өз ізі қалған Нұриден Мұфтах туралы көлемді мақалалар жариялаған.
***
«Елбасының бастамасы Афиныда талқыға салынады». Осы тақырыппен «Айқын» газетінің жұма күнгі нөмірінде мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, Елбасының алдағы жылы Астанада Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының саммитін өткізу жөніндегі ұсынысы барған сайын қолдау тауып жатыр. Бұл бастаманы қызу қоштап, құптаған Франция, Италия басшыларының қатарына кеше Словения қосылғаны мәлім. Мақалада кеше ҚР Мемлекеттік хатшысы, Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен кездескен. «Мәртебелі мейман журналистерге Нұрсұлтан Назарбаевтың еуропалық осы ұйымның мемлекет басшыларының Саммиті туралы бастамасын алда Афинада өтетін ЕҚЫҰ мүше елдерінің сыртқысаясат ведомстволары басшыларының кездесуінде талқылау жоспарланып отырғанын хабарлады» деп жазады басылым.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы Мемлекеттік тілді қолдау қорының директоры - Берік Әбдіғали. Басылым қонағы тілшінің салмақты сұрақтарына толымды жауап берген. Сұхбат барысында қор директоры «Алаштықтардың тұсында «елшіл» деген сөзді жиі айтатын болған, ол кезде ұлтшыл деген сөз шықпады ғой. Ал елшіл дегеніміз - елдің қамын ойлаған азаматтар. Кеңес Одағы тұсында ұлтшыл дегенді - националист деп кері насихаттады. Ал біздің заманымызда ұлтжанды деген сөз шықты. Біз бұған дұрыс баға бере алсақ, ол да жақсы сөз. Ұлтжанды деген ұлтшылдың басқа мағынасы, елшілдің - жаңа заманғы нұсқасы, елін, ұлтын ойлаған азамат деген сөз», деген пікір білдірген. Екеуара әңгіме «Астанадағы Кенесары ескерткішін Елбасы өз бастамасымен қойды» деген тақырыппен жарық көрді.
Таяуда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жетекшісі Қайрат Келімбетов дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы бойынша аталған мемлекеттік холдингтің атқарған істері жайлы жан-жақты мәлімдеме жасаған болатын. Осыған орай «Айқын» газетінде «Үйдің бағасы әлі арзандайды» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, егер Президенттің атқарушы билікке жүктеген жеті міндеті, оның ішінде құрылыс саласына қатысты тапсырмасы орындалар болса, Қазақстандағы ең қымбат тұрғын үй шаршы метрінің бағасы 500 доллардың о жақ бұ жағынан көруге болады екен. Бұл ретте бағаның арзандауына отандық энергетикалық желінің дамытылуы да, әрі-берідесін сатып алған үйді белгілі бір мерзім ішінде қайыра сатып, табыс табушы делдалдық кәсіпкерлікке тосқауыл қойылуы да оң әсер етпек.
***
«Қазір жер-жерде ислам қаржы жүйесіне қызығушылық оянып келеді. Өйткені, сарапшылар әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде ислам қаржы жүйесімен қызмет етіп отырған елдерде дағдарыстың пәлендей ушықпағанын жазады. Қазақстан да ислам банкингінің қызметіне мүдделілік танытып отыр. Биылғы жылдың аяғына қарай елімізде ислам банкі ашылмақшы. Ел ішінде ислам қаржы жүйесі қызметі келгеннен кейін жұмыс істеуге мамандар керегі сөзсіз. Біз маман атаулыны шеттен тартатын болсақ, ол кәдімгідей үлкен шығын. Сондықтан еліміздің жоғары оқу орындарында ислам қаржы жүйесіне маман даярлау талабы туындауда. Қазір бұл міндетті Алматыдағы Банк ісі академиясы қолға алып отыр. Олар Малайзияның Селангор халықаралық ислам университеті-колледжімен ислам қаржы саласы мамандығы бойынша білім беру бағдарламасын бірігіп жүзеге асыру мақсатымен келісім-шарт жасасты», деп жазады «Экономика» басылымы.
Ағымдағы жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 75 жылдық мерейтойы. Осынау айтулы датаға орай аталған білім ордасының ректоры, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, профессор Жексенбек Әділов «Экономика» басылымының бүгінгі санында «Алда - биік асулар» деген тақырыппен көлемді мақала берген.
«Қазақстанда «екінші Лас-Вегас» пайда бола ма?!». Осы тақырыппен «Экономика» газетінің жұма күнгі нөмірінде мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, жақында шетелдік баспасөзде американдық құрылыс мердігері Марк Адвенттің Қазақстанның оңтүстік-шығысында туристерді тарту мақсатында Лас-Вегастың көшірмесін салмақ есебі бар екені туралы айтылған. Жобаның жалпы құны 25 млрд. доллардан 30 млрд. долларға дейін жетуі мүмкін деп шамаланады. Кешенді Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматыдан солтүстікке қарай 70 шақырым жерде және 11 500 гектар ауқымда салу жоспарланып отырған көрінеді. Жоба бойынша, онда 25 казино, бөлмелерінің жалпы саны 42 000 болатын мейманханалар, 275 000 тұрғын үй және 1000 мейрамхана салынбақ екен.
***
Республикалық басылымдар қарашаның 9-ы күні «АстанаӨнеркәсіп» ЖШС-і өндірістік-технологиялық кешенінде орын алған өртке қатысты материалдарды әлі де жариялап жатыр. Мәселен, бүгін қарашаның 13-інде жарық көрген «Экспресс К» газетінің жазуынша Астана қалалық мәслихаты өрт кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасыларының әрқайсысына 1 миллион теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылдаған. Ал «Панорама» газетінің жазуынша, мәслихатқа қаржы бөлу туралы өтінішті қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов жасаған және оның ұсынысы бірауыздан қолдауға ие болған.
Осы тақырыпты жалғастырған «ОКО» басылымы «республиканың әр өңіріндегі біздің тілшілеріміздің мақалалары елдің барлық әлеуметтік мекемелерінде тек өрт қауіпі ғана емес, сонымен қатар олардың құрғақ оқ-дәрі сияқты кез-келген уақытта жарылуы мүмкіндігіне де дәлел бола алады», деп жазады. Газет тек қана соңғы бірнеше жылда Солтүстік Қазақстан облысының жалпы білім беру мектептерінде 8 рет өрт болғандығын, ағымдағы жылдың өзінде де осындай 2 төтенше жағдай орын алғандығын атап өткен.