Қазақстанда экономикалық қылмыстарды анықтауда тұрақты өсу динамикасы байқалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда экономикалық қылмыстарды анықтауда тұрақты өсу динамикасы байқалады. Бұл туралы бүгiн Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің жиналысында Бас прокурор Асхат Дауылбаев мәлiм еттi.

"Кейінгі үш жыл ішінде экономикалық қылмыстарды анықтауда тұрақты өсу динамикасы байқалады. 2013 жылы 7 165 қылмыс тіркелген, оның ішінде 83%-ын қаржы полициясы органдары, 712 қылмысты ішкі істер органдары анықтаған. Қылмыстан келген зиянның анықталған сомасы 220,9 млрд. теңгені құрады. 102,9 млрд. теңге көлеміндегі зиянның орны толтырылды", - деп атап өттi ол. Оның айтуынша, қылмыстар құрылымында жалған кәсіпкерлік, жалған ақша жасау, экономикалық контрабанда, салық төлеуден жалтару фактілерімен байланысты әрекеттер басым.

Сонымен қатар бұл салада едәуір кемшіліктер мен қолданылмай отырған резервтер бар. Бас прокурор атап өткендей, жұмыстың тиісті тиімділігіне құқық қорғау және фискалдық мекемелердің әрекетіндегі үйлесімділіктің және келісімді жұмыстың жеткіліксіздігі кедергі келтіреді. Сондай-ақ салық және қаржы-несие салаларындағы қаржылық теріс пайдаланушылық пен қылмыс көздерін анықтаумен байланысты проблемалар атап өтілді.