Қазақстанда экспорттық-импорттық операциялар «жалғыз терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың соңына дейін Қазақстанда экспорттық-импорттық операцияларды жүргізуде «жалғыз терезе» қағидаты енгізіледі. Бұл туралы Астанада «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап инвесторлар үшін «жалғыз терезе» қағидатын енгізу мен оны қолдану мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда. 2015 жылдың аяғына дейін «жалғыз терезе» қағидаты экспорттық-импорттық операциялар үшін жүзеге асырылады»,- деді Б.Сағынтаев.

Оның сөзіне қарағанда, салалық сараптаманы, құрылыс саласында жобалық-сметалық құжаттарды бекіту осы қағидат бойынша қарастырылады. 2017 жылға қарай жобалардың мемлекеттік сараптамасы 50 пайызға бәсекелестік нарыққа беріледі, ал 2020 жылға қарай осы бағыттың 90 пайызы қамтылады. Бұл өз кезегінде әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді.

«Кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу үдерісі айтарлықтай жеңілдейді. Тіркеу мерзімі жұмыс уақытының бір сағатына дейін қысқарады», - деді Б.Сағынтаев.