«Қазақстанда экстремизм қатері бар ма?» -республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 23 шілде, сенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста дін саласындағы тұрақтылықты нығайтуда одан әрі атқаратын шаралар туралы мәселе қаралды. Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин баяндама жасады. Мемлекет басшысы құқық қорғау ор­ган­­дары мен өзге мемлекеттік ор­ган­дарға діни-экстремистік көрініс­терді ашу және тез арада әрекет ету жөнінде тапсырма беріп, Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері тәрбие және профилактикалық жұмыс­тар­ды күшейтіп, діни бірлес­тік­тердің қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтауын қадағалаулары қажеттігін баса айтты. Мақала «Нақты тапсырмалар берілді» деген тақырыппен жарық көрді.

Кеше Астанада Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов елімізге қысқа мерзімді сапармен келген БҰҰ Бас хатшы­сының арнайы өкілі, БҰҰ аймақтық орталығының басшысы, елші Мирослав Енчамен кездесті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақалада кездесу барысында Қазақстан Респуб­ли­касы мен БҰҰ ынтымақтас­ты­ғының тиімді жақтары талқы­ланғандығы атап өтілген. «Сонымен бірге Орталық Азия өңіріндегі қазіргі жағдай, ұй­ым­дасқан трансшекаралық қылмыс­қа, терроризм мен экстремизмге қарсы шараларды, есірткі тара­туға қарсы іс-қимылдарды жетілдіру, су-энергетикалық проб­ле­маларды шешу сияқты мәселелер қаралды», - деп жазады басылым.

***


Біздің елде экстремизм қатері бар ма? Бар болса, онымен қалай күресу керек? Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында басталған «Терроризм: оған қарсы тұру мәселелері» атты халықаралық конференция осы сұрақтарға жауап іздеді. Жиынға қатысқан Қазақстан, Ресей, Украина және Қырғыз елдерінің мемлекеттік қауіпсіздік органдары қызметкерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық сарапшылар, құқық қорғау органдары мен арнайы жасақтардың ардагерлері, мемлекеттік органдардың, қоғамдық және діни ұйымдардың, бизнес-қауымдастықтың өкілдері - ұзын саны үш жүзден астам адам бүгін бір бәтуаға келуі тиіс. Ал кешегі басқосуда терроризммен күресте білімге иек арту туралы ұсыныстар айтылды. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Қазақстанда экстремизм қатері бар ма?» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.

«Мұнайшылар қаласы неге мұңайды? немесе Жаңаөзен ереуілшілер полигонына айнала ма?». «Айқын» газетінде осы тақырыппен жарық көрген мақала батыстағы мұнайшылардың ереуілі төңірегінде өрбіген. «Бастапқыда наразылық акцияларын мұнай мекемесінің жанында немесе автотұрақтан бастаған жұмысшылар 8 шілдеден бастап отбасыларымен бірге қала әкімдігі алдындағы «Тәуелсіздік» алаңына жиналып, сонда түнеуді әдетке айналдырған. Ал мекеме басшылары жұмысшылар әрекетін заңсыздыққа балап, олардың бірқатарын жұмыстан шығарып та үлгерді. Ал өздерінің қандай талаптар қойғанынан шатаса бастаған наразы топ болса айтқандарынан қайтар сыңай танытпай тұр», - деп жазады басылым.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлымен арадағы сұхбат «Жазушымын десең, жаның ауырып тұрсын» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген қаламгер: «Менің қыжылым - қазақтың руға, жікке, жершілдікке бөлінгені. Біз өсеміз, өнеміз, өркениетті ел боламыз дейтін болсақ, арыда - Ата, беріде Жатыр бөліспеуіміз керек», - депті.

«Кеш Астанада жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының ашылуына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Жарысқа қатысатын мемлекеттердің саны белгілі болып қалды. Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаевтың айтуынша, әзірге 42 мемлекеттен 400-ден астам спортшы келіп отыр», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, Қазақстан байрақты бәсекеде 6 алтын алуды жоспарлап отыр. Мақала «Алты алтыннан дәмеміз бар» деген тақырыппен берілген.