Биылғы жыл басында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану объектілерінің белгіленген қуаты 2 мың МВт құрады. Бұл өткен жылдың басымен салыстырғанда 23%-ға артық.
Айта кетерлігі, 2016 жылмен салыстырғанда жаңартылатын энергия көздері нысандарының белгіленген қуаты бірден 6,8 есе артқан. Орнатылған қуаттың басым бөлігі күн электр стансаларына, тағы 34%-ы жел электр стансаларына тиесілі. Одан кейін шағын су электр стансалары (281 МВт) және биоэлектр стансалары (7,8 МВт) тұр.
Былтыр жаңартылатын энергия көздерінің объектілерінен электр энергиясын өндіру жылына бірден 30,1%-ға өсіп, 4,2 млрд кВт/сағ құрады. Электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия объектілері өндіретін электр энергиясының үлесі 3,7%-ға жетті.
Баламалы қуат көздері арасында электр энергиясын өндірудің басым бөлігі жел электр стансаларынан алынды: нақтылай айтқанда 42,1% немесе 1,8 млрд кВтсағ, жыл сайынғы өсім 65%-ды құрады. Күн электр стансалары – 1,6 млрд кВт/сағ, шағын су электр стансалары – 799,7 млн кВт/сағ, биоэлектр стансалары – 3 млн кВт/сағ өндірді.
bp.com порталының мәліметінше, 2020 жылы бүкіл әлем бойынша жаңартылатын энергия нысандары арқылы электр энергиясын өндіру жылына 12,8% өсіп, 3,1 трлн кВт/сағ жетті. Өндіріс жағынан көш бастап тұрған елдер – Қытай, АҚШ және Германия. ТОП-3 елдердің үлесіне әлемдегі жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін барлық электр энергиясының 52,3%-ы тиесілі.
ТМД елдері арасында бірінші орында Украина тұр: мұнда электр энергиясын өндіру көлемі 9,7 млрд кВт/сағ құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 83,9%-ға артқанын аңғартады. Екінші және үшінші қатарда тиісінше Қазақстан (мұнда портал деректері ҚР Энергетика министрлігінің көрсеткіштерінен ерекшеленеді және 3,7 млрд кВт/сағ электр энергиясын құрайды) және Ресей (3,5 млрд кВт/сағ) елдері орналасқан.