Қазақстанда электронды шот-фактура жүйесі жаңартылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінде техникалық жұмыстар жүргізіледі. Осыған байланысты жүйе уақытша қолжетімсіз болады.

Фото: freepik.com

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 10 шілде күні сағат 00:00–ден 02:00–ге дейін тауарларға ілеспе жүкқұжат (ТІЖ) пен электрондық шот-фактура (ЭШФ) нысандарын жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Осы уақыт аралығында «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесіне кіру мүмкін болмайды.

Комитеттің хабарлауынша, қажет болған жағдайда салық төлеушілер ТІЖ және ЭШФ құжаттарын кейін рәсімдеп, жүйеге енгізе алады.

Атап айтқанда:

  • 10 шілдеде рәсімделуі тиіс ЭШФ-ны қағаз нұсқада жазып берген жағдайда, оны 11 шілдеден бастап 15 күнтізбелік күн ішінде ақпараттық жүйеге енгізуге болады;
  • ТІЖ қағаз нұсқада рәсімделсе, оны 13 шілдеден бастап 3 жұмыс күні ішінде жүйеге енгізуге рұқсат етіледі.

Бұл жағдайда салық төлеушілерге айыппұл санкциялары қолданылмайды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда салық бойынша жаңа түзетулер тамыз айының соңына дейін дайын болатынын жазғанбыз.