Қазақстанда электронды саудада бағаларды теңгемен белгілеу ережелері бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Марат Құсайыновтың «Электрондық сауданы жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 25 қарашадағы № 720 бұйрығы бекітілді.

Бұйрықта электрондық сауда, электрондық саудаға қатысушылар (сатушы, сатып алушы және делдал) түсініктері енгізілген, сонымен қатар электрондық сауданы жүзеге асыру тәртібі айқындалған.

Бұл ретте электрондық саудадағы делдал:

1) электрондық құжаттарда (электрондық хабарламаларда) қамтылған ақпаратты жария етпейді;

2) егер электрондық сауданың басқа қатысушыларымен жасасқан шартта немесе Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, электрондық құжаттарды (электрондық хабарламаларды) немесе олардың көшірмелерін, оның ішінде олардағы қамтылған ақпаратты үшінші тұлғаларға бермейді;

3) егер электрондық сауданың басқа қатысушыларымен жасасқан шартта немесе Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, электрондық құжаттарды (электрондық хабарламаларды) не оларды пайдалану тәртібін өзгертпейді;

4) тауарға бағаны тек ұлттық валютада бекітуді қамтамасыз етеді.

Электрондық сауданы жүзеге асыру қағидалары Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» 2004 жылғы 12 сәуірдегі занына сәйкес әзірленді және электрондық сауданы жүзеге асыру тәртібін айқындайды.