Қазақстанда электрондық құралдар қалдықтарын қабылдау акциясы басталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Энергетика министрлігінің бастамасымен электрондық және электр қалдықтарын жинау бойынша акция өткізілді.

Электрондық және электр қалдықтарын жинау бойынша акция 2016 жылдың 15 сәуірінен 15 мамырға дейін жалғасады.  Бұл шара Қазақстан халқын қоқыстарды бөлек жинау халықаралық тәжірибесіне қатыстыру, сондай-ақ қауіпті қалдықтарды, оның ішінде электрондық және электр құралдарын жинаудың ең қолайлы тетіктерін айқындау мақсатында өткізілуде. Атап айтқанда, осы қалдықтардың құрамында адам денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төндіретін қорғасын, сынап, полихлордифенил, асбест және хлорфторкөміртегі сияқты қауіпті заттар болуы мүмкін.

Акция аясында Астана тұрғындары мен кәсіпорындар Технодом мен Алсердің сауда залдарында ескі техниканы, олардың қосалқы бөлшектерін жою үшін оларды тапсыра алады. Қалдықтар ретінде тұрмыстық техника, яғни теледидарлар, магнитофондар, электр ойыншықтар, үтіктер, энергия үнемдеуші шамдар, батареялар, фендер, тоңазытқыштарды қоса алғанда, ас үй жабдықтары, сондай-ақ компьютерлер, ұялы телефондар, сканерлер және істен шыққан басқа да құралдар қабылданады.

Акцияға барысында экология мамандығының студенттері қалалық мектептердегі орта және жоғары сынып оқушыларына ағартушылық жұмыстарын жүргізеді.