Қазақстанда электросамокаттарға нөмір тағу міндеттелуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда самокаттар мен велосипедтерге мемлекеттік нөмір тағу ұсынысы талқыланып жатыр.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.
Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында самокаттарға қатысты талаптарды күшейту мүмкіндігі жайында сұрақ қойылды.
- Біз Әділет министрлігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының алаңында бірқатар қосымша түзету дайындап жатырмыз. Атап айтқанда, шетелде қолданылатын тәжірибені енгізу туралы ұсыныс бар. Осы орайда Швейцарияның тәжірибесін зерттедік, яғни ол жақта мемлекеттік нөмірлер тек самокаттарда ғана емес, велосипедтерде де бар. Сондықтан бұл норма мен ұсыныс өте өзекті, - деді С. Әділов.
Оның айтуынша, бұл ұсыныс қазір талқыланып жатыр.
Бұған дейін электросамокатпен жүру ережелерін көбіне жасөспірімдер бұзатынын полиция хабарлаған болатын.
Жақында электросамокатшыларға қандай тыйым салынатынын жазған едік.