Қазақстанда емханалар мен коммуналдық қызметтердің бірыңғай дизайны жасалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда азаматтарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында әлеуметтік нысандар, мемлекеттік мекемелер және коммуналды қызметтердің бірыңғай дизайнын жасап шығару ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұндай ұсыныс Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен елорда әкімдігінің «Астана - адалдық алаңы» атты бірлескен жобасы аясында жарияланып отыр.

Жоба аясында құрылған жұмыс тобы алғашқы жартыжылдық соңына дейін емханаларда, мемлекеттік мекемелерде, коммуналды қызметтерінде банктер мен ірі компаниялар мысалында бірегей интерьер дизайны мен бірегей халықпен байланыс механизмін әзірлейді деп жоспарланған.

«Әрбір әлеуметтік нысанның бренд-бейнесін әзірлеп, еліміздің барлық өңіріне таратуымыз қажет. Мәселен, кез келген банктерді түсіне қарап-ақ ажыратуға болады. Сондай арнайы белгілерді жасасақ, адамдар емхананы, түрлі мемлекеттік мекемелерді бірден ажыратар еді. Қазір Астана қаласында бейімдеп көреміз, қоғаммен талқыланған соң, барлық өңірлерге таратамыз», - деді «Астана - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жазира Жылқышиева. 

Айта кетейік, елордада Мемлекет қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев пен Астана әкімі Әсет Исекешев «Астана - адалдық алаңы» жоба жарғысына салтанатты түрде қол қойды. Жобаның негізгі міндеті - тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дағдысын дамыту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы жемқорлық мәселесін шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдай туғызу.