Қазақстанда ең көп дебиторлық берешек 4 аймаққа тиесілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бойынша тұрғындардың коммуналдық қызметке берешегі 13 млрд теңгеден асты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек дебиторлық берешек мәселесіне тоқтала келе, «биыл тамыз айындағы жағдай бойынша тұтынушылардың коммуналдық қызметке берешегі 13 млрд 747 млн теңгені құрады. Ең көп дебиторлық берешек 4 аймаққа тиесілі, яғни Алматы қаласында - 3 млрд 300 млн теңге, Астанада - 2 млрд 617млн, Шымкентте - 2 млрд 51 млн, ал Маңғыстау облысы бойынша 1 млрд 601 млн теңге болды», -деді.

Бұдан бөлек министр тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нысандарының жылу беру маусымына дайындық барысын баяндады.

«Өңірлерді алдағы жылу беру маусымына дайындау мақсатында министрлік 2018-2019 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне  1 қыркүйекте білім беру нысандарының жүз пайыз дайындығын қамтамасыз ету қажет.

Биылғы 15 қазанға дейін барша нысандардың дайындығын аяқтау, оның ішінде, автономдық-қазандық және инженерлік желілер, сонымен қатар, жылу көздерін отынның нормативтік қорымен барлық автономдық жылыту көздерін қамтуы керек. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 10 232 білім беру нысаны немесе 94 пайызы дайындалды. 6 298 денсаулық сақтау нысанын дайындау жоспарланған болатын. Қазір 5 971 нысан немесе 95 пайызы дайын тұр», - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның сөзіне қарағанда, жөндеуге жоспарланған 45 503  тұрғын үйдің 35 551  немесе 79 пайызы жөнделді.  Тұрғын үйлерді жөндеу бойынша Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Шымкент қаласының дайындықтары жетпіс пайыздық (70%) көрсеткіштен төмен.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев халықты сапалы көмірмен қамтамасыз етуге әкімдері тікелей жауапты екенін айтты. 

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек кейбір өңірлерде көмірді жеткізу жоспары орындалмағанын мәлім етті.