Қазақстанның автомобиль одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, сатылым көлемі айтарлықтай өзгермегенімен, нарықтағы бәсеке күшейіп, тұтынушылардың талабы артып келеді.
– Жалпы сатылым көлемі айтарлықтай өзгермегенімен, нарықтың өз ішінде елеулі өзгерістер болып жатыр. Бәсеке күшейіп, сатып алушылар бағаға, технологияға және қызмет көрсету сапасына бұрынғыдан да жоғары талап қоя бастады. Бүгінде нарықтың ауқымы ғана емес, компаниялардың тұтынушылар сұранысына қаншалықты жылдам бейімделе алатыны да байқалады, – деді ол.
Маусым айының қорытындысы бойынша ең көп сатылған бренд – Chevrolet. Оның ресми дилерлері 3 117 автокөлік сатты. Екінші орында Hyundai тұр. Бұл брендтің 3 034 автокөлігі сатылды. Үшінші орынға сатылымын екі еседен астам арттырған Changan көтерілді. Маусымда аталған марканың 2 565 автокөлігі сатылған.
Алғашқы бестікке Chery (1 996 автокөлік) мен Haval (1 677 автокөлік) кірді. Ал үздік ондыққа JAC, Kia, Jetour, Toyota және Geely енді.
Жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша да Chevrolet көш бастады. Осы кезеңде аталған брендтің 17 586 автокөлігі сатылды. Одан кейін Hyundai (17 247 автокөлік) мен Kia (12 332 автокөлік) орналасты.
Changan сатылымын 89,2%-ға арттырып, 9 471 автокөлікпен төртінші орынға көтерілді. Ал алғашқы бестікті 8 143 автокөлік өткізген Chery түйіндеді.
Қаңтар–маусым қорытындысы бойынша Қазақстанда ең көп сатылған модель – Chevrolet Cobalt. Осы кезеңде оның 16 370 данасы сатылды. Одан кейін Hyundai Tucson (8 601 автокөлік), Kia Sportage (5 200), Changan CS55 Plus (4 017) және Hyundai Mufasa (3 119) тұр.
Тек маусым айында ресми дилерлер 21 861 жаңа автокөлік сатты. Бұл өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 12,5%-ға көп. 2025 жылдың маусымында 19 426 жаңа автокөлік сатылған болатын.
Соңғы екі жылдағы рекордтық өсімнен кейін нарықтағы өсу қарқыны біршама баяулағанымен, жаңа автокөліктерге сұраныс әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Сонымен қатар нарықтағы бәсеке күшейіп, жаңадан келген маркалар барлық дерлік сегментте өз орнын нығайтып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та өрт шығу қаупіне байланысты Kia компаниясы 460 мыңнан астам автокөлігін кері қайтаратыны туралы жазғанбыз.