Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 90 мың теңгеден асуы мүмкін

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері қаншалықты өсуі мүмкін екенін айтты.

- Ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруге мүмкіндігіміз бар. Қазіргі кезде жалақының ең төменгі шегіне қатысты есептеу жүріп жатыр, яғни Еңбек министрлігі тиісті жұмыстарды атқаруға кірісті...  Бұл тұрғыда 90 мың теңгеден сәл артық болуы мүмкін деп ойлаймын, - деді М. Такиев Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

Оның айтуынша, Еңбек министрлігімен бірге аталған есептеулерге Ұлттық экономика министрлігі жұмылдырылған.

Айта кетейік, елімізде ең төменгі жалақы 85 000 теңге.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова келер жылы елімізде ең төменгі жалақы мөлшері өсуі мүмкін екенін айтқан еді.