Қазақстанда ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі қаралады — Серік Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда айлық ең төменгі жалақы мөлшерін, азаматтық қызметшілер мен жалдамалы жұмыскерлердің табысын арттыру мәселесі қаралады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Фото: Үкімет

Министрдің айтуынша, халықтың нақты табысын арттыру Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

— Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп 2026–2028 жылдарға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасын іске асырып жатыр. Сонымен қатар биыл халықтың табысын арттыру бойынша жеке бағдарлама қабылданды, — деді Серік Жұманғарин.

Оның сөзінше, бағдарлама аясында жалақыны көтеру, сапалы жұмыс орындарын құру, халықтың борыштық жүктемесін азайту және кәсіпкерлікті ынталандыру жөніндегі шаралар іске асырылады.

— Қарсы міндеттемелерді орындау арқылы айлық ең төменгі жалақы мөлшерін, азаматтық қызметшілердің жалақысын және жалдамалы жұмыскерлердің табысын арттыру мәселесі қаралатын болады. Сонымен қатар халықтың кредиттік жүктемесі мен тұтынушылық несиелердің өсуіне ерекше назар аударылады, — деді министр.

Оның мәліметінше, Үкімет халықтың нақты табысының жыл сайын 2-3 пайыздан жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз етуді көздейді. Бұл мақсатқа экономиканың сапалы өсімі мен инфляцияны төмендетуге бағытталған шаралар арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр.
Серік Жұманғариннің айтуынша, сыртқы экономикалық ахуалдың күрделенуіне қарамастан, Қазақстан экономикасы оң өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысында ішкі жалпы өнім 6,5 пайызға өссе, биылғы қаңтар–мамыр айларында өсім 3,7 пайызды құрады. Мұнай өндіруді есепке алмағанда бұл көрсеткіш 5 пайыздан асты.

Бұған дейін Премьер-министр барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталғанын айтқан еді.