Қазақстанда ең үздік және ең нашар ХҚКО-ы анықталды

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) жұмыс тәртібіне жасалған қоғамдық мониторингтің нәтижелері жария етілді.

Зерттеу ағымдағы жылдың 25 шілдесінде басталған «Қоғамдық бақылау» жобасының аясында Қазақстанның барлық облыстары бойынша 57-ге тарта ХҚКО-да жүргізілді.

Саралау нәтижелері көрсеткеніндей, ХҚКО-ның жұмыс сапасы халықтың көңілінен шыққан. Инфрақұрылым мен қызмет көрсету мәдениеті ортадан жоғары бағаланып отыр. Осылайша, сұрауға қатысқандардың 76 пайызы ХҚКО-ның жұмысына қанағаттанатындықтарын айтқан. Былтырғы талдауда бұл көрсеткіш 65 пайыз шамасында тіркелгені мәлім.

«ХҚКО-ның жұмысына қанағаттанатын азаматтардың саны өсті. Бұл деңгейдің 11 пайызға өсуі, біздің ойымызша өте жақсы ілгерілеушілік», - дейді Қазақстанның азаматтық альянсының директоры Сабина Дүйсекеева.

Респонденттердің 46 пайызы ХҚКО жұмысын - «өте жақсы», 17 пайызы - «үздік», 26 пайызы - «қанағаттанарлық», 9 пайызы - «қанағаттанарлық емес» және 2 пайызы - «нашар» деп жауап берген.

Зерттеу көрсеткендей, ең жоғары бағаны Тараз, Қостанай және Көкшетау қаласының ХҚКО-лары алды. Ал Ақтөбе, Шымкент және Астана қалаларындағы орталықтар ең төменгі позицияларда тұр.

«Біз ешқандай қорытынды шығарған жоқпыз. Біздің мақсатымыз - «өлшеу» жасау болды. Өте жарқын көрініс шықты. Әрине, ең «нашар» ХҚКО көрсетілген бөлім көзге түсіп тұр», - дейді С. Дүйсекеева.

Аталмыш жобаны ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің және Еуропалық одақ делегациясының қолдауымен Қазақстанның азаматтық альянсы жүргізді.