«Бұл жұмыс Үкімет бекіткен әлеуметтік шиеленістерді болдырмау жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізілуде. Еңбек тәуекелдері шеңберінде мониторингілеу 170 мың жұмыскері бар 359 проблемалық кәсіпорынды қамтды. Бұл ретте жоғарғы тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстары бар. Соңғы жылдары еңбек даулары 3 есеге төмендеді. Биылғы жылдың басынан бері республика бойынша 9 еңбек қақтығысы орын алды. Олардың жетеуі – еліміздің Батыс өңірлерінде шетелдіктердің қатысуымен мұнай-газ және мұнай-сервистік кәсіпорындарда болды», - деді Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында.
Министр атап өткендей, наразылықтың басты себептері – жұмыскерлердің еңбекақысы, жергілікті және шетелдік жұмыскерлерге қатысты еңбек пен тұрмыстық жағдайлардың теңсіздігі.
«Еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі – жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндік беретін ұжымдық шарт жасасу деп санаймыз. Бүгінгі күні ірі және орта кәсіпорындардың 97 пайызы ұжымдық шарттармен қамтылуына қарамастан еңбек жанжалдарының пайда болуы – сол құжаттардың сапасының төмендігін көрсетеді. Бұл тұрғыда жұмыскерлердің бірлестігі, кәсіподақтар белсенділік танытуы тиіс деп санаймыз», - деді ол.
Еске сала кетсек, Үкімет басшысы жалақыны бермеудің жұмыс беруші үшін тиімсіз болатындай етіп заңнама нормаларын күшейтуді тапсырды.