Қазақстанда еңбек дауларының саны азайған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылмен салыстырғанда жұмысшылардың наразылық таныту деректері әлдеқайда кеміген. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек комитеті төрағасы Ақмади Сарбасов осылай деді, деп жазады khabar.kz.

- Ең алдымен, еңбек қауіпсіздігі мәселесіне ден қойылды. Өйткені бүгінгі таңда өндіріс ошақтарындағы жұмысшылардың жарақаттануы және қаза табу деректері артып отыр. Біз жүргізген зерттеу жұмыстары көрсеткендей, орын алған деректердің 80%-ында жұмыс берушілердің кінәсі дәлелденіп отыр.

Жаһандық бәсекеге қабілетті индекстері жарияланған экономикалық форумда еліміз еңбек нарығының тиімділігі бойынша 25-орыннан 15-орынға көтерілген.

Бұл зерттеуге 144 ел қатысыпты. Комитет төрағасының айтуынша, қазір кәсіпорындар арасында түсіндірме жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық өндіріс орындарында еңбек етушілер мен жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттері егжей-тегжейлі баяндалған.