Қазақстанда еңбек инспекторларының мәртебесі көтерілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек инспекторына кәсіпорындарды еш кедергісіз тексеру құқығын беру қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке орай 2013 жылы Еңбек министрлігінен әкімдіктердің қарауына өткен Мемлекеттік еңбек инспекциясының саны үнемі қысқарып келе жатыр. Бүгінде бүкіл елімізде 260 қана еңбек инспекторы бар. Сондықтан барлық кәсіпорындарды толық қамту проблема болып тұр. Мәселен, 1 жылдың ішінде шамамен 9 мың тексеру жүргізілетін болса, онда соның 90 пайызы жұмысшының шағымы бойынша орын алады. Тиісті заңнамада жоспарлы тексеру барынша азайтылған. Бұған қоса, қазіргі уақытта мемлекеттік еңбек инспекторларына көптеген шектеулер бар. Олар прокуратурадан, тиісті органдардан рұқсат алмайынша, жұмыс берушіге алдын ал ескертпейінше еңбек заңнамасындағы қандай да бір заң бұзушылық туралы шағымға орай әрекет ете алмайды», - деді ол.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, еңбек инспекторы мәселен жалақы төленбеуіне қатысты бүкіл ұжымның емес, еңбек инспекциясына жүгінген нақты бір азаматтың ғана шағымын тексере алады.

«Сондықтан Еңбек министрлігі ұсыныс жасады. Халықаралық тәжірибеде еңбек инспекторы жұмысшыға қатысты еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу үшін кез келген кәсіпорынға тәуліктің кез келген уақытында кедергісіз кіре алады. Біз еңбек инспекторларына осында мәртебе бергіміз келеді. Қазір Қазақстанда 1 еңбек инспекторына 23 мың жұмысшыдан келеді. Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысына сәйкес, 1 инспекторға 10 мың жұмысшыдан келуі тиіс. Яғни, бізге ең алдымен инспекторлардың саны 2 есеге жуық арттыру керек. Екіншіден, еңбек инспекторына еңбек заңнамасының бұзылуына қарсы кез келген уақытта әрекет етуі үшін жоғарыда айтқан мәртебені беруіміз қажет», - деді министр.

Дегенмен, Б.Нұрымбетовтің айтуынша, еңбек инспекторына заңнаманы бұзған кәсіпорынға бірден айыппұл салу құқығы берілмейді. Инспектор ең алдымен кәсіпорынға белгілі бір уақытта еңбек заңнамасын бұзылуын жою туралы ұйғарым беруі қажет. Тек осы ұйғарым белгіленген уақыттың ішінде орындамаса ғана әкімшілік шара қолдана алады.