Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі шарттарын орындамаған 27 өндіріс нысанының жұмысы уақытша тоқтатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі шарттарын орындамаған 27 өндіріс нысанының жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы бүгін елордадағы «Көрме» орталығында өтіп жатқан 6-шы Қазақстандық халықаралық конференция барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов мәлім етті.

Оның айтуынша, өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеруі кезінде еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі саласында анықталған заң бұзу бойынша 1504 нұсқаулық беріліп, 79,8 млн. теңгеге 647 айыппұл салынған.
«Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп-қатерге байланысты анықталған заң талаптарының бұзылуын бұзушылықтарды жоюға дейін 27 өндіріс нысанының, 7 жабдық пен механизмдердің жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар, 376 лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Құқық қорғау органдарына 1974 материал жіберіліп, оның ішінде 180-і бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді А.Сарбасов.
Оның сөзіне қарағанда, зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс орындарын қысқарту және өндірістік жарақаттану жағдайларын кезең-кезеңімен төмендету мақсатында соңғы 5 жылда жұмыс берушілер 12 мыңға жуық өндіріс нысанында еңбек жағдайларын аттестациялау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, 1400-ден астам кәсіпорын еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша халықаралық стандарттарды енгізген.