Қазақстанда Эндокринология және эндокринологиялық хирургия ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын құру қажет - сенатор Н.Жолдасбаева

АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанда Эндокринология және эндокринологиялық хирургия бойынша ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын құру қажет.

Бұл туралы бүгін Астанада қант диабеті мәселелеріне арналған форумда ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева айтты.

«Бүгінгі таңда әлем бойынша қант диабеті және басқа да эндокринологиялық ауруларға душар болған азаматтардың саны өсіп келеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш жыл сайын 8 пайызға, яғни 20 мың адамға артып отырады. Қант диабетінен жылда 5 мың қазақстандық қайтыс болады. Бұның басты себептері, елімізде қант диабетін алдын алуға бағытталған кәсіби медициналық іс-шаралар жүргізілмейді, эндокринологиялық қызметтің заманауи құрылымы жоқ, эндокринолог-мамандар жетіспейді, ал кейбір ауруханаларда эндокринологиялық бөлмелер мүлдем жоқ. Ең бастысы, қант диабетіне қарсы мемлекеттік бағдарлама жоқ. Бұл - басты мәселе. ҚР Денсаулық кодексіне сәйкес қант диабеті туберкулез сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларға жатады. Сондықтан оған душар болған адамдарды стационарға орналастырып, тиісті емдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Біздіңше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан Эндокринология және эндокринологиялық хирургия ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын құру қажет. Мен Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында осы мәселені көтерген болатынмын. Бірақ министрлік өкілдері біздің бұл ұсынысымызбен келіскен жоқ», - дейді Н.Жолдасбаева.