Қазақстанда ер азаматтардың 16 пайызы бедеулікке шалдыққан - Ұлттық урология орталығының басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ер азаматтардың 16 пайызы бедеуліктің түрлі формаларынан жапа шегіп отыр. Бұл туралы Б.Жарбосынов атындағы Ұлттық урология орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев мәлім еткен болатын.

«Былтырдың өзінде ерлер денсаулығы орталығына 80 мың ер азамат келген. Өкінішке орай, 16 пайыз ер кісілердің бедулігі тіркеліп отыр Қазақстанда. Тіпті, оның төмендеуі де байқалмайды. Негізі, ахуалдың ушыққандығын білдіретін меже - 15 пайыз», - дейді М.Алшынбаев ТМД елдері урологтарының бірінші съезінде.
Профессордың айтуына қарағанда, ТМД елдері ішінде Қазақстан алғашқы болып, эндокринологияны, кардиологияны және дерматовенерологияны біріктіретін Ерлер денсаулығы орталығын ашқан.
«Биылдан бастап, біз балалар урологиясын енгіздік. Бұл бірегей жоба, ол әлемдік практикада жоқ нәрсе. Дегенмен, өкініші сол, қаржыландыру тек жергілікті бюджеттен түседі. Президент Әкімшілігімен, министрлікпен, Үкіметпен орталықты республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша келіссөздер жүргізілді. Алайда қаржы тек жергілікті бюджеттерден түсіп отыр», - деді ол.