Қазақстанда еріктілер төтенше жағдайлар кезінде өте белсенді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасы қазақтық «асар» ұғымын жаңаша қалыпта заңнамалық тұрғыда бекітеді. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда велонтерлік қызметі кеңінен көрініс тапқан. Осы ретте еріктілер еліміздің өңірлерінде түрлі бағытта жұмыс істеуде. Мәселен, адамдардың жоғалуына байланысты жағдайларда, төтенше жағдайлар кезінде қазақстандықтар өте белсенді екенін байқатты. Ел тұрғындары түрлі қайғылы оқиғалардың салдарын жоюда белсенділік танытуда. Менің ойымша, волонтерлік қызметке қандай да бір құқықтық мәртебе берілуі керек, яғни бұл тұрғыда тиісті заңның көмегі болады»,-деді ол.

Оның пайымынша, осы заңнаманың қабылдауы бұл салада әлеуметтік үлкен серпіліс береді.

«Тәжірибе барысында көре жатармыз. Заң жобасы қабылданған жағдайда, біз өз тарапымыздан оның ережелерінің неғұрлым кеңінен насихатталуына және оның қазақстандықтармен талқыланып, түсіндірілуі бағытында қызмет етеміз. Біздің түсінігімізде қазақта бұрыннан «асар» деген ұғым бар және ол бүгінде «еріктілер қозғалысы» күйінде көрініп отыр. Енді заманның талабына сай жаңартып, заңнамалық бекітуге мән беріліп отыр»,-деді Нүкенов.

Естеріңізге сала кетейік, өткен айдың аяғында Мәжіліс еріктілер қызметі туралы депутаттық заң жобасын мақұлдады.

«Волонтерлік қызмет туралы»  ҚР Заңын қабылдау мемлекеттік кірістерді қысқартуды және мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздемейді, сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылай шығындарға әкеп соқпайды.

Айта кетейік, бесінші сайланған Парламент депутаттары бастамашылық еткен заң жобасы Мәжіліске 2015 жылғы 10 қыркүйекте енгізген болатын. Бүгінде  Қазақстанда 100-ден астам еріктілер ұйымдары жұмыс істеуде.