Қазақстанда есеп айырысудың 98 пайызы қолма-қол ақшамен жасалады - Марат Әлменов

АЛМАТЫ. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Есеп айырысуда бірнеше бағытты қатар дамыту керек. "Қазақстан халық банкі" АҚ төрағасының орынбасары Марат Әлменов бүгін Алматыда қазақстандық MyPay kz ұтқыр төлем жүйесі туралы баспасөз мәслихатында осылай мәлім етті.

"Қазақстанда есеп айырысудың 98 пайызы қолма-қол ақшамен жасалады. Бұл ресми статистика. Батыс әлемінде керісінше 70 пайызы қолма-қол төлемсіз, ал 30 пайызы қолма-қол төлеммен жүргізіледі. Барлық жерде бірдей интернет пен терминалдар жоқ. Сондықтан электрондық коммерцияны дамытуда ұтқыр төлем жүйесінің маңызы өте зор", - дейді М. Әлменов. Оның айтуынша, қазір дәстүрлі банктермен бірге қашықтықтан басқарылатын банктер бар. Жаңадан енгізіліп жатқанның бәрі әрдайым бірден тұтынушылардың сеніміне ие бола бермейді. Бірақ оның тиімдігі мен қолайлылығын балама болған кезде ғана байқауға болады.