Қазақстанда есірткі қылмысына қатысы бар 69 жасөспірім ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 69 жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ студенттер мен жеке кәсіппен айналысып жүрген жастарға үндеу жолдады.

Жаңа оқу жылының басталуымен полиция қызметкерлері еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарын профилактикалық іс-шаралармен қамтыған. Жалпы 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілсе, оның 5 мыңнан астамы тәжірибелі ұстаздар, психологтар және нарколог-дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылған.

Бүгінде елімізде есірткі қылмыстары үшін 69 жасөспірім ұсталған. Оның 40-ы есірткі өткізгені, 27-сі аса ірі мөлшерде сақтағаны, тағы екеуі есірткіні жарнамалағаны және насихаттағаны үшін ұсталды. Олардың 52-сі ұл, 17-сі қыз.

– Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Сіздерді мынадай белгілер ерекше алаңдатуы тиіс: баланың қолында ақшаның немесе қымбат заттардың кенеттен пайда болуы, телефон мен хат алмасуды жасыруы, әртүрлі күмәнді скриншоттар. Қосымша табыс белгілері – орама қалташалар, шағын пакеттер, оқшаулағыш таспа, электрондық таразылар және басқа да күмәнді заттар, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Оның айтуынша, ата-аналар жасөспірімнің араласатын ортасына, бос уақытын қалай өткізетініне, әлеуметтік желілерде қандай аккаунттарға тіркелгеніне және мессенджерлерде кімдермен байланыс орнатқанына ерекше назар аударуы қажет.

ІІМ есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын еске салды. Ведомство ата-аналарды балалардың құқықтық тәрбиесіне белсенді қатысуға шақырды.

Айта кетейік, Астанада есірткі сататын интернет-дүкен «қоймасынан» 2 мыңнан астам түйіншек тәркіленді.