Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленуде - И.Сауэр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның ет-сүт одағы» ЗТҰ төрағасы Иван Сауэр айтты.

«Нақты тапсырма берілді. Қазіргі уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметпен бірлесіп, жаңа ұсыныстар әзірлеумен айналысып жатыр. Субсидиялау тетіктерінің өзіне өзгертулер енгізу қажет. Өйткені, салада іркіліс байқалады. Көп жұмыстар атқарылды. Бірақ біз қандай да бір кезеңде тоқырап қалдық және оны таяу аралықтың ішінде қайта қарауымыз қажет», - деді ол.

И.Сауэрдің атап өтуінше, осы айдың ішінде Қазақстандағы етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа тұжырымдасы жария етілетін болады.

«Меніңше, бұл тұжырымдама тамыз айында жарияланады. Бұл 2-3 жылдың ішінде өнім өндірісінде ахуалдың түбегейлі өзгеруіне мүмкіндік береді», - деді одақ басшысы.