Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Акция «Сақтандыру. Қорғау. Екпе жасау» және «Өмір үшін иммундау» ұранымен өткізіледі.
Шара мақсаты - халыққа иммундаудың маңызы туралы хабардарлығын арттыру, оны насихаттау және түгелдей екпемен қамту болмақ.
Профилактикалық екпелер - жұқпалы аурулармен күресте ең тиімді шара. Иммундау аурулармен күресте және оны жоюда да сыннан өткен құрал болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 1967-1977 жылдары өткізген иммундау науқаны нәтижесінде шешек індеті жойылды. Бұл бағдарлама іске асырылғанға дейін жұқпалы ауру әлем халқының 60 %-ына қауіп тудырып, ауруға ұшыраған әрбір төртінші адам көз жұмған болатын.
ДДСҰ-ның мәліметі бойынша иммундау жыл сайын әлемдегі 3 млн.-нан аса адамның өмірін және адамдарды ауру мен мүгедектіктен сақтайды. Вакцинаның арқасында инфекциялармен (дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызылша, қызамық, В вирустық гепатиті, індетті паротит) аурушаңдылықтың бірден төмендеуі Қазақстанда ғана емес, Еуропа мемлекеттерінде де иммундаудың қажеттігін ұмыттыра бастады. Иммундаудан бас тартудың артуы біз ұмыта бастаған індетке алып келуі ықтимал.
Қазақстан аумағында 2014 жылғы Еуропалық иммундау апталығы шараларының негізгі бағыты халықтың иммунопрофилактикаға қатысты сенімін қалыптастыру, иммунопрофилактика қауіпсіздігі туралы халықты ақпараттандыру, инфекциялық ауруларға қарсы қорғанудың қажеттілігі мен қоғам үшін иммундаумен қамтудың жеткіліксіздігінің салдары туралы халықтың, қоғамның және медицина қызметкерлерінің хабардарлығын арттыру; екпе өткізілмеуіне ата-аналар мен медицина қызметкерлерінің назар аударып, вакцинациядан бас тартуға байланысты қауіп пен оның салдарына халықтың назарын аударту; иммунопрофилактика мәселесіне әкімшілік аумағындағы атқарушы органдар басшыларының назарын аударуды көздейді.
«Жұртшылық пен әрбір қазақстандық өзінің және отбасының вакцина жасатуы арқылы салауатты болашақ үшін ең жақсы мүмкіндікті қамтамасыз ететінін түсінуі тиіс», - делінген хабарламада.