Еске сала кетсек, 2010 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1372 және 2010 жылғы 24 қыркүйектегі №977 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысына қол қойылды. Бұл құжатта Евро-3 экологиялық стандартын енгізудің жаңа мерзімі белгіленіп, автокөлік құралдарын өндіруші елдердің кестесіне өзгертулер енгізілді.
Бұдан бұрын, 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1372 қаулы бойынша Автокөлік құралдары бөлетін зиянды заттарға қойылатын талаптар туралы техникалық регламент бекітілген болатын. Онда Қазақстан Республикасы аумағында айналымға түскен автокөлік құралдары үшін 3-экологиялық кезеңді енгізу 2011 жылғы 1 қаңтарға жоспарланды.
Алайда, республика аумағында 2011 жылғы 1 шілдеге дейін Кедендік Одақ шеңберінде жеке тұлғалар үшін автомобильдерді сырттан әкелуге жеңілдетілген кедендік салықтар қарастырылғандықтан, осы іс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін ҚР Көлік және коммуникация министрлігі «ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1372 және 2010 жылғы 24 қыркүйектегі №977 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулының жобасын жасап, Үкіметке тапсырды. Осылайша, жоғарыда айтылған қаулыға сәйкес, 3-экологиялық кезеңді енгізу мерзімі 2011 жылғы 1 шілдеге ауыстырылды.
Сонымен қатар, аталмыш қаулыға сәйкес, жоғарыда айтылған Техникалық регламенттің 5-қосымшасына да өзгерістер енгізіліп, онда елдердің әрқайсысына автомобильдерді жасап шығару жылдары белгіленді.
Сонымен, Ресей үшін өндіру мерзімі - 2008 жылдан бастап және одан кейін, Украина үшін - 2010 жылғы 1 шілдеден бастап және одан кейін, Беларусь үшін - 2008 жылдан бастап және одан кейін, Өзбекстан үшін - 2010 жылдан бастап және одан кейін.
Бұл қаулы 2010 жылғы 27 желтоқсанда қол қойылғаннан кейін күшіне енді.