Банктің баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, алтын жалатылған FIFA WORLD CUP 2026 монетасы 925 сынамалы күмістен дайындалған және түрлі түсті баспа технологиясы қолданылған.
— FIFA WORLD CUP 2026 коллекциялық монетасы әзірленгенде немістің MDM Münzhandelsgesellschaft mbH & Co. KG Deutsche Münze (MDM) нумизматикалық компаниясы серіктес болды. Оның 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына арналған коллекциялық монеталарды шығаруға FIFA берген ресми лицензиясы бар. Бұл — футбол тарихындағы ХХІІІ чемпионат және алғаш рет үш елде қатар өтеді. Оның үстіне, ақтық ойындарға қатысатын ұлттық құрамалардың саны 48-ге дейін ұлғайтылып отыр, — делінген хабарламада.
Монета реверсінің жоғарғы бөлігінде финалдық ойындарды қабылдайтын Канада, АҚШ және Мексика елдерінің жалауы бейнеленген.
Ортасында жер шары континенттері мен «FIFA WORLD CUP 26 TM» деген жазу бар.
Төменгі бөлігінде FIFA-ның Әлем кубогы бейнеленген. Ал футбол добы кескінделген композицияның екі жағында футболшылардың бейнесін көруге болады.
Монетаны Ұлттық банктің интернет-дүкенінен сатып алуға болады.
Осыған дейін АҚШ-та Трамп бейнеленген меретойлық алтын монета жасалып жатқанын жаздық.